«Есіл» ауданы туралы

Нұр-Сұлтан қаласының «Есіл» ауданы Қазақстан Республикасының Президентінің 2008 жылғы 5тамызда №637 Жарлығымен құрылды.

Географиялық жағынан, «Пригородный», «Заречный», «Телмано», «Үркер» тұрғын аудандары бар жаңа әкімшілік орталығы болып сол жағалау анықталған.

2008 жылы аудан тұрғындарының саны 64 440 адам болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 4 есе көбейген.

Әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштердің мәліметінше 2019 жылғы 1 шілдеде аудандағы халық саны 233 855 адам. Яғни 2018 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда 27 855 адамға немесе 13,5%-ға көбейген.

«Есіл» ауданының жалпы ауданы – 39 004 га.

Нұр-Сұлтан қаласының картасында жаңа ауданның құрылуы қалалық шаруашылықтың және тұрғын үй-коммуналдық саласы нысандарының басқару жүйесін жетілдіру, халыққа арналған мемлекеттік және әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік берді.

Аудан құрылған сәттен бастап абаттандыру, тіршілікті қамтамасыз ету, кәсіпкерлік және құрылыс саласын дамыту мәселелері бойынша бір шама жұмыс атқарылды, сондай-ақ, қала тұрғындарына жайлы жағдай жасалынды.

Тұрғындардың мүдделері мен заңды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында аудандық мемлекеттік органдар құрылды: Ішкі істер басқармасы, Жергілікті полиция қызметі, Төтенше жағдайлар басқармасы, соттар, прокуратура, Мемлекеттік кірістер басқармасы, Әділет басқармасы, Тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Есіл» басқару органдардың қауымдастығы және аудандық Ардагерлер кеңесі құрылды.

Ауданда іс жүзінде барлық республикалық басқару аппараты, шетел мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері, ұлттық компаниялар мен ірі бизнес-орталықтары шоғырланған.

Аудан аумағында астананың әуе айлағы – «Астана» Халықаралық әуежайы, тікұшақтар құрастыратын және қызмет көрсететін зауыты «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС, фотоэлектрлі модульдер өндіретін зауыты «Astana Solar» ЖШС орналасқан және ЭКСПО-2017 нысандары.

Мұнда еліміздің мақтанышы, ТМД елдері аумағында теңгесі жоқ - инновациялық медициналық кластер, ұлттық білім беру флагманы – Назарбаев Университеті, біздің елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы көпдеңгейлі хореографиялық кәсіби білім беретін алғашқы жоғарғы оқу орны – Қазақ Ұлттық Хореография Академиясы орналасқан.

Ауданды қаланың сәулет ғимараттары – Бәйтерек, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы және Ұлттық мұрағаты, Назарбаев орталығы, «Думан» ойын-сауық кешені өзінің ерекше келбетімен көрік береді.

Сонымен қатар, аудан мәдени нысандармен, оның ішінде «Қазақстан» орталық концерт залы, «Тілеп Қобыз сарайы» концерт залы, «Астана Опера» опера және балет театры, Астаналық цирк және «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешенімен әйгілі.

«Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы, «Астана-арена» стадионы, «Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Алау» мұз айдыны сарайы, көпфункционалдық мұз айдыны сарайы және т.б. ірі сәулет жобалар елорданың сол жағалау бөлігінің айтылмас көркіне айналды.

Сондай-ақ, «Азия парк», «Керуен», «Keruen City», «Сарыарқа» және «Mega Silk Way» сауда кешендері де ауданды көзге тартымдылығымен ерекшелейді.

Ауданды дамыту саласындағы басым бағыттары шағын және орта бизнесті жандандыру, құрылыс саласының серпінді дамуы, сапалы инфрақұрылымды құру, абаттандыру, кешенді тұрғын құрылыстың болашақ жобаларының жүзеге асуы болып табылады.

Яндекс.Метрика
© 2019 "Нұр-Сұлтан қаласы "Есіл" ауданы әкімінің аппараты" ММ.
Сайтты әзірлеу және сүйемелдеу – Helena Burbel.